Қазақстанда нашар интернет үшін айыппұл көлемін көбейту жоспарлануда. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді. Қазақстанда бұрын интернет сапасының ең төменгі шегі енгізілгенін айта кетейік. 3G үшін 1 мегабит, 4G үшін 5 мегабит. Егер операторлар интернетті осы параметрлерден төмен етіп берсе, оларға айыппұл салынады. Министрдің айтуынша, бүгінде 408 тексеру жүргізіліп, айыппұлдардың жалпы сомасы 92 млн теңгеге жетті.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Бұл ұсынысты депутаттар ұсынды, ал біз өз кезегімізде айыппұл көлемін көбейтуді қолдаймыз. Себебі ұялы байланыс операторлары ақшаны жеткілікті көлемде табады және оларға кейбір алыс елді мекендерге барып, байланыс сапасын жүргізу немесе жақсарту міндеттемелерін орындағанға қарағанда, 92 млн теңгені төлей салу оңай.