Қазақстандық еңбек нарығында әйелдер мен ерлер үшін мүмкіндіктер тең бе? Елімізде әйелдердің әлеуеті бірдей пайдаланылып жатыр ма? Аталған сұрақтар елордада өткен «Bolashaq Women's Empowerment Forum» атты әйелдер форумында қызу талқыланды. Шара ұйымдастырушысы Айнұр Қарбозованың айтуынша, бүгінгі таңда еңбек нарығында сапалы, білімді әйелдер саны артып келеді. «Олардың әлеуетін мемлекеттік қызмет ісінде белсенді қолданудың маңызы зор», – дейді ол.
Айнұр Қарбозова, М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің басқарма төрағасының орынбасары:
- Форумның басты мақсаты – Мемлекет басшысы да жуырда өзі айтқандай мемлекеттік, квазимемлекеттік органдарда шешім қабылдау деңгейінде әйел белсенділігін 30% дейін жеткізу. Оны мақсат ретінде қою бір бөлек. Бірақ сол мақсатқа жету тетіктері қандай? Осындай мақсатқа жеткен елдердің тәжірибесі қандай? 16 наурызда бағдарламалық Жолдау болады. Сол жолдаудан кейін әрине, экономикамызды ілгерілету бойынша нақты жоспар қабылданады. Сол жоспарды сапалы әрі қысқа мерзімде жүзеге асыруда қазақстандық әйел әлеуеті ескерілуі тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы үкіметтің алдына шешілуі тиіс міндеттердің бірі гендерлік тең құқықты нығайтуды қойған болатын. Президент біртіндеп әйелдердің еңбегін қорғау, олардың мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде және корпоративтік салаларға қатысуын қамтамасыз ету шараларын әзірлеу қажеттігін айтқан болатын.