Моңғолия Қазақстандық спутник жүйесін орнатады

Моңғолия Қазақстандық спутник жүйесін орнатады

Қазақстан өз спутниктерінің тұтас бір топтамасын іске қосуға ниет білдіріп отыр. Оны әзірлеумен отандық «Ghalam» компаниясы айналысуда. Қазақстандық инженерлер жасаған жерсеріктерінің бірі Моңғолияға жеткізіледі. Еліміздегі ғарыш саласының көшбасшысы тек жобалауға ғана емес, сонымен қатар аппараттарды өндіруге және сынауға мамандандырылған. Қазіргі таңда кәсіпорында арнайы конструкторлық-технологиялық бюро мен құрастыру-сынау кешені жұмыс істейді. Келісім шеңберінде әзірленген Қашықтықтан зондтау технологиялары Қазақстан мен Моңғолияға су ресурстарын басқаруды жақсартуға, жерлердің жағдайын бақылауға және экожүйелердегі өзгерістерді талдауға мүмкіндік береді. Еске салайық, қос тарап арасындағы ғарыш саласындағы уағдаластыққа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлан-Батырға мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілді. 

Бауыржан Алматов, Ghalam компаниясының басшысы:

– Бүгінгі таңда «Ghalam» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен Жерді қашықтан зондтау спутниктерінің топтамасын құру жобасы жүргізілуде. 2023 жылы басталған жұмыс қазір жобалау сатысына жетті, келесі жылдан бастап құрастыру кезеңін бастау жоспарланып отыр. Жобаға толығымен қазақстандық мамандар қатысады. Моңғолия еліндегі серіктестермен Жерді қашықтан зондтауға арналған ғарыш аппаратын жеткізу туралы келісімге қол қойылды, ол дәл осы топтаманың төртінші аппараты болмақ. 

Әсел Күшенғалиева