Қазақстан Иранға мұздатылған ет экспорттайды. Тараптар тиісті келісімге қол қойды. Елдің Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, меморандум отандық өнімді сыртқа тасымалдаудың жаңа бағыттарын ашады. Еске сала кетейік, бұған дейін жергілікті өндірушілер Ислам Республикасына тек сақтау мерзімі 3 күнге дейінгі салқындатылған сиыр етін ғана жеткізе алатын.
Қазақстанда жаңа ет өндірістеріне 152 млрд теңгеден астам инвестиция салынады
Ет экспортының әлеуеттін арттыру қамында Қазақстанда осы бағыттағы жаңа жобаларды қаржыландыруға басымдық берілуде. Мәселен, бұндай 22 өндіріс ошағына жалпы құны 152 млрд теңгеден астам инвестиция тарту межеленген. Жеке капитал көздерінен қаржы құйылатын нысандар 2023-2026 жылдары іске қосылмақ. Бүгінде Маңғыстау және Түркістан өңірлерінде 2 жоба қолданысқа берілді. Тағы үшеуін жыл соңына дейін ашу жоспарланған. Олардың бірі Ұлытау облысындағы 10 мың басқа шақталған қасапханасы бар кешен. Сондай-ақ салқындатқыш қоймалармен жабдықталған ет өңдеп, шұжық шығаратын өндіріс бой түзейді. Сонымен қатар, Алматы облысында биылдан қалмай ет комбинаты тапсырылады деп күтілуде. Ал Жетісу аймағында мал бордақылау алаңы салынады. Кәсіпорында өзіне қажетті мал азығы да өндіретін болады. Құс етіне келер болсақ, алдағы жылы Түркістанда бройлер өсіруге арналған кешеннің құрылысы басталады. Бұдан бөлек күркетауық бағып-күтетіп, етін терең өңдейтін өндірісті іске қосу жоспарланған.