Мемлекет басшысы Сингапур ірі бизнес өкілдерімен кездесті

Мемлекет басшысы Сингапур ірі бизнес өкілдерімен кездесті

Қазақ-сингапур бизнес-форумы шеңберінде Қасым-Жомарт Тоқаев Азия жолбарысы елінің іскер топ өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысы Temasek Holdings компаниясының бас директоры Дилхан Пиллэймен кездесуде стратегиялық серіктестік орнату, инвестициялық бірлескен қор құру және электронды коммерция саласында мүмкіндіктерді талқылады. Бұл компанияның әлемнің 9 елінде өкілдіктері бар. Қазіргі уақытта Қазақстан экономикасына қатысу мүмкіндіктерін зерделеп жатыр.

Ал Сингапурдың алпауыт корпорациясы Indorama Жамбыл облысындағы фосфор кен орны базасында инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы компания төрағасының орынбасары Амит Лохиа мәлімдеді.

Айта кетейік, холдинг былтыр маусым айында елімізде химия өнеркәсібін дамыту мақсатында АХҚО юрисдикциясында жаңа кен орындарын игеретін   еншілес ұйымын тіркеген болатын. Бұл елімізде химия өнеркәсібін дамыту  бағытындағы тиімді серіктестіктің бірі.  

Ренат Бектуров, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

– Компания басшылығы Президентке фосфаттық байыту өнеркәсібін салу туралы ұсынысты қарастыратынын жеткізді. Бұл мәселе әлі де талқыланады. Менің ойымша, мүмкіндігі кең жоба болмақ. 

Өз кезегінде SOVICO Group еліміздегі бірнеше әуежайды басқару және қазақстандағы логистикалық қоймаларға қаржы құюға әзір. Бизнес-форумда, сонымен қатар, Алматы облысындағы жетекші жоба Alatau City-ды дамыту мәселесі қаралды. Алматы облысының әкімдігі Caspian Group және Surbana Jurong компаниясымен бірлесіп, өңірде G4 City қаласын дамыту жөніндегі Бас жоспардың тұжырымдамасын дайындады. 

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

– Жаңа қала «Алатау» жобасын таныстырдық. Атқарылған жұмыстарымыз жайлы айтып, болашақ мегаполистің тұжырымдамасын жасадық. Бас жоспар өткен аптада ғана бекітілген болатын. Шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық жоғары болатынына сенімдімін.