Қазақстан «талибан» радикалды қозғалысын мойындаған жоқ. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер вице-министрі Ақан Рахметуллин ОКҚ өткен брифинг барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды бақылауда ұстауда.
Ақан Рахметуллин, ҚР Сыртқы істер вице-министрі:
- Біз «талибанды» мойындамадық. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы жағдай бойынша ресми мәлімдеме жасады. Біз бұл елдегі жағдайды мұқият бақылауды жалғастырамыз, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің инклюзив және репрезентатив үкімет құру, ұлттық азшылықтар мен әйелдер құқығын құрметтеу және басқа мемлекеттерге қауіп төндіретін топтар болуына жол бермеу, халықаралық құқықты сақтау туралы мәлімдемесін құптаймыз. Бұл ережелердің орындалуы Ауғанстанның жаңа үкіметімен диалогты бастаудың шарты болуы керек.
Министрдің айтуынша, қазір барлық мемлекет «талибанмен» диалогқа шықпаған, тек жағдайды бақылап отыр. Сондай-ақ ведомство басшысы Кабулдағы Қазақстан Елшілігінің қазіргі ахуалына тоқталды.
Ақан Рахметуллин, ҚР Сыртқы істер вице-министрі:
- Елшіліктің ақпараты бойынша, талибандықтар Кабулға кірген кезде бір бөлігі біздің елшілік орналасқан аумақты басып алған. Бұл кезде полиция Кабулды тастап шыққан болатын. Біздің елші сыртқа шығып, талибан өкілдерімен сөйлескен. Олар елшіден кім екенін сұраған. Ол бұл мекеме Қазақстан Елшілігі екенін айтқан. «Ештеңеден қорықпаңыздар. Бұрын қалай жұмыс істесеңіздер, солай жұмыс істей беріңіздер. Сіздер біздің күзетіміздесіздер» деген екен. Содан бері біздің Елшілік солардың күзетінде. Әзірге байланыс осындай деңгейде ғана.
Айта кетейік, Сыртқы істер министрлігі қазіргі таңда Ауғанстанда 13 этникалық қазақтардың отбасы бар екенін мәлімдеді. Елшілік олармен үнемі байланыста. Бүгінде олар туралы толық ақпарат жиналуда. Сыртқы істер вице-министрінің айтуынша, мәселе Мемлекет басшысының бақылауында.