Қазақстан
Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму
мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығын ашу ісінде Америка тарапының
қолдауына сенім артады. Бұл туралы аймақ мен
АҚШ мемлекеттері басшыларының саммитінде белгілі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында
жиынға қатысты. АҚШ Президенті Джозеф Байденнен кейін Қазақстан
Президенті сөз алды. Форумның күн тәртібінде С5+1 серіктестігі
арқылы экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларында Орталық Азияның
егемендігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп
жұмыс істеу мәселесі талқыланды. Кездесу
барысында стратегиялық серіктестік, саяси диалог, сауда-экономикалық,
инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту,
сондай-ақ Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері назардан тыс қалмады. Саммитте экономикалық ынтымақтастық пен
америкалық компаниялардың маңызды қазба байлықтарды игеру, жаңартылатын энергия
көздері, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарды дамыту мүмкіндіктеріне баса
мән берілді. Сондай-ақ, тараптар
қауіпсіздік проблемаларын, соның ішінде терроризм, заңсыз миграция және есірткі
тасымалы секілді қауіп-қатерлерді шешуде ынтымақтастықты
нығайту перспективалары қарастырылды.