Мемлекет басшысы «Аna tili» газетіне сұқбат берді

Мемлекет басшысы «Аna tili» газетіне сұқбат берді

Қазақстан 2024 жылы елдің алдағы бес жылдық дамуының берік негізін қалап, халықаралық аренадағы өз ұстанымын нығайтты. Өткен жыл оңай болмағанына қарамастан, еліміз реформаларды жүзеге асыруды жалғастырды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген кеңейтілген сұхбатында өткен жылдың негізгі ішкі және сыртқы саяси оқиғаларына баға берді. Онда Президент алдағы кезеңге арналған басымдықтар мен жоспарларды да атап өтті. Бұл жуық арада Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізу, сондай-ақ былтыр қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар аясындағы жобаларды іске асыру. Онда жалпы инвестиция көлемі 40 триллион теңгеден асатын 200-ден астам жобаны жүзеге асыру қарастырылған.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Биыл «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі салынып бітеді. Сондай-ақ, Алматы бекетін айналып өтетін темір жолдың құрылысы аяқталады. Биыл энергетика саласында ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. «Жасыл энергетика» саласы да зор серпінге ие болады. Мұнай өңдеу, мұнайгаз-химия саласын дамыту ісіне баса назар аударылады. «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры, «Жаңаөзен – Ақтау» газ құбырының төртінші желісі, сондай-ақ Атырау облысындағы автоматтандырылған газ тарату стансасы пайдалануға беріледі. Машина жасау саласын дамыту жұмыстары да жалғасады.


Тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік инфрақұрылым, сондай-ақ цифрлық сала одан әрі дамиды. Бұл ретте Президент жыл соңына дейін жасанды интеллектінің Alem.AІ атты халықаралық орталығы ашылатынын жеткізді. Ол елге инвестиция тартатын, әлемдік тәжірибені және инновацияларды енгізетін орынға айналмақ. Қазір сала мамандарын даярлау үшін арнайы бағдарлама әзірлеу және жасанды интеллект технологияларының қолданылу аясын заңмен реттеу мәселелері  пысықталуда.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Азаматтарымыз мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерді цифрландыру ісінің артықшылықтарын жақсы біледі. Электронды үкімет сайтындағы қолжетімді қызметтердің тізімі үнемі толықтырылып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісінде Қазақстан Е-government-ті дамыту көрсеткіші бойынша әлемде 24-ші орын иеленді. Қазақстаннан экспортталатын ІТ-қызметтер саны артып келе жатқаны көңіл қуантады. Astana Hub табысты жұмыс істеп тұр. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі бола алады


Президенпен ауқымды сұхбат барысында Қазақстанның Түркі әлемінің алдағы ықпалдастығы жолындағы рөлі және бауырлар елдердің байланысын бекемдеуге қосқан үлесі сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев біздің еліміз Түркі мемлекеттері ұйымының бастауында болғанын атап өтті. Ұйымға төрағалық еткен кезде саяси және сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге баса мән берілді. Бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып, 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылды. Бұл қатарда Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бар. Оқу және академиялық құрылымдар, шығармашылық зиялы қауым арасында тығыз байланыс орнатылған. 2024-ші жылы өзара сауда-саттық көлемі 45 млрд доллардан асты. Елдеріміз Транскаспий халықаралық көлік дәлізінде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты күшейту көзделіп отыр.


Авторы: Әсел Күшенғалиева 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?