Қазақстандықтар Наурыз мерекесін елде саяхаттау арқылы атап өтуді әдетке айналдырған

Қазақстандықтар Наурыз мерекесін елде саяхаттау арқылы атап өтуді әдетке айналдырған

Қазақстан бірқатар түркі елдеріндей көктемнің алғашқы айында Ұлыстың Ұлы күнін ұлықтайды. Көптеген отандасымыз наурызды туған елді саяхаттау арқылы атап өтуді әдетке айналдырған. Мереке күндері ел бойынша демалыс күндері жарияланса, мектептер осы уақытта көктемгі каникулға шығады. Күн мен түннің теңелуін қарсы алуға ең тартымды туристік бағыттар жайында сала мамандарының кеңесін тыңдайық. 

Ернур Кенжебеков, «Kazakh Tourism ҰК» АҚ баспасөз хатшысы:

- Наурыз мейрамына қазақстандықтар ерте бастан қамданады. Әсіресе ішкі туристік бағыттар бойынша саяхаттарды қаңтар айынан бастап брондап қояды. Бұл күндері көбіне еліміздің жылы аймақтарына баруды қалайды. Сондықтан да адамдар негізінен Түркістан, Шымкент пен Алматы өңірлеріндегі киелі жерлерді таңдап жатады. Соңғы кездері Ақтау бағытына қызығушылық артып келеді. Онда жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істейтін демалыс орындары бар. Наурыз мерекесі бағзы дәстүрлерге сай ерекше тойланады. Осылайша, оңтүстік және батыс аймақтарының кереметтерін қызықтауға мереке күндері сұраныс артады.  

Сарапшылар дәл осы уақыт аталған аймақтарда толыққанды туристік маусымның ашылуымен сәйкес келетінінін айтады. Күн шуағын шашып, жер көктеп, оянған ерекше табиғаттың көріністерін қазақстандықтармен қатар шетел саяхатшылары көруге асық. Сырттан және елдің жер-жерінен келушілер киелі мекендер мен тарихи орындардың сырына үңіліп, сұлу табиғаттың көркіне қанығады. 

Ернур Кенжебеков, «Kazakh Tourism ҰК» АҚ баспасөз хатшысы:

- Турлар кемінде 3-4 күнге брондалады. Шығыс Қазақстан өңірінің туристік операторларынан тіпті Байқоңыр айлағына турлар ұйымдастыру бойынша өтініштер көптеп келіп жатыр. Жалпы елдің әр аймағына сұраныс бар. Туристік бағыттардың артуы, саланың бизнесі жанданғанын білдіреді. Есесіне саяғатшылар ағыны өсіп келеді. Дәл осы кезде мемлекеттік «Kids Go Free» бағдарламасы арқылы демалыс орындарына ұшу шығындарының бір бөлігін қайтарып алуға болады.