Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы өтті

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы өтті

«Бірлік» ұғымы қазіргі дүние жүзіндегі тұрақсыз жағдайда аса маңызды. Әлемде, әсіресе, біздің айналамыздағы кейбір елдерде не болып жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан шын мәнінде, «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар». Бұл – ақиқат. Жер жүзінде мұндай бірегей ұйым құра білген мемлекет кемде-кем. Ассамблеяның арқасында еліміздегі барлық этностар Қазақстандағы оң өзгерістердің бел ортасында жүр. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында осылай деді. Және оның мүшелерін ұйымның 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Елімізде соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілді. Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайды. Бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттырды. Оған қоса, Қазақстан парламентаризмі тарихында алғаш рет «Бір ел – бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылды. Бұл топ қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысады.


Қазақстан халқы Ассамблеясының 12 мүшесі Ұлттық құрылтай құрамында табысты еңбек етіп, елдік бастамаларға өз үлесін қосып жатыр. Барлық өңірде «Достық» үйі бар. Онда мыңнан астам этномәдени бірлестік орналасқан. Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Өткен жылдың өзінде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. Оған 1 миллионға жуық адам қатысты. Ассамблея қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру, ұлттық бірегейлікті бекіту ісінде баламасы жоқ басты платформаға айналды. Осылай деген Мемлекет басшысы 2026-2030 жылдарға арналған Ассамблеяның дамыту тұжырымдамасына қазірден кірісу қажеттігін айтты. Яғни, Президент Ұлт бірлігін нығайтуда барлық мемлекеттік және қоғамдық механизмдерді жетілдіруді жалғастыру керек, - деді.


Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Республикасының Президенті:


- Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керек. Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай Достық үйін халық тығыз қоныстанған Алматы облысында салу қажет. Бұл ғимарат аймақтың қоғамдық өмірі үшін өте маңызды орталық болмақ. Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек. Құзырлы орган басшылары мен әкімдер Ассамблеяның этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс. «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтіп, оны алдағы екі жылда бүкіл елге тарату қажет.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ақпараттық кеңістікте бірлік мен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңыздылығын айтып, Қазақстандағы этностардың тілінде шығатын өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау көрсетуді тапсырды. Қазақстан халқы Ассамбелясының 30 жылдық мерейтойы аясында Президент Жарлығымен халықтар арасындағы бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сiңiрген еңбегi үшiн бір топ азамат мемлекеттік наградамен марапатталды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?