Қазақстанның ірі қалаларында түнгі экспресс-маршруттар іске қосылады. Елге келген туристердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында осы мезгілде әуежайлар мен шаһар орталықтары арасында автобустар қатынайды. Бұл туралы Үкімет отырысында сала министрі мәлімдеді. Ербол Мырзабосынов ел меймандары үшін халықаралық әуежайларда QR-код жүйесі енгізілгенін хабарлады. Онда такси, қонақүйлер, электронды сим-карталар мен туристік нысандар туралы ақпарат болады. Жыл соңына дейін барлық республикалық жолдар заманауи сервиспен қамтамасыз етіледі. Қазақстан шетелдік туристер үшін ашық ел. Бүгінде 87 мемлекеттің азаматы визасыз, тағы 107 ел тұрғындары электронды визамен кіре алады. Әуе қатынасы да кеңейіп келеді. Былтыр 22 жаңа бағыт іске қосылды. Биыл тағы 32 маршрут ашу жоспарланып отыр. Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстанға 15 млн-нан астам шетелдік турист келді. 10 млн астам қазақстандық ел ішінде саяхаттады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Біз Қазақстанның шетелдік туристерге достық пейілі бар, емін-еркін демалуға қолайлы ел ретінде тартымдылығын арттыру үшін қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Халықаралық әуе қатынастарының, теміржол және автокөлік бағыттарының географиясы кеңейтілуде. Шетелдік азаматтар үшін көші-қон рәсімдерін жеңілдету қолға алынды. Келген қонақтардың емін-еркін әрі қауіпсіз демалысына ерекше көңіл бөлініп отыр.

