130 жылдық тарихы бар көне мешіт. Алматы облысында бір шегесіз, таза ағаштан салынған «Жаркент мешіті» қайта қалпына келтіріліп жатыр. Сәулет өнерінің ерекше үлгісін XIX ғасырдың аяғында Вали Ахун Юлдашевтың тапсырысымен қытай архитекторы Хон Пик салған.
1948 жылы ғана көне ғимарат сәулет өнерінің ерекше ескерткіші ретінде танылып, мемлекет қорғауына алынды. Мешітке 1975-1978 жылдар аралығында алғаш рет реставрация жасалған. Содан кейін тағы бес мәрте қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліпті. Соның барлығына қылқалам шебері Қуаныш Сейітбеков қатысқан.
Қуаныш Сейітбеков, суретші-реставратор:
- Бір ағаш салса, жанында бір қураған бұтағы болса да, бұл жерде «өмір өткінші» деген нәрсені жақсы көрсеткен. Архитектурасы, әшекейлеуі басқаша, орнаментінің өзі өзгеше болып келеді. Мен жақындап бояймын ғой. Онша білінбейді. Түсініксіз бояу сияқты. Сәл артқа қадам жасап қарасаң, бояулары бір-бірімен әдемі үйлесім тапқан.
Мешітті әрлеуге жасыл, қызыл, сары, көк түсті бояулар өзара үйлесімде қолданылған. «Сыртқы жағындағы суреттер уақыт өте келе оңып кеткенімен, мінбердегісі түпнұсқа күйінде сақталған», – дейді музей қызметкерлері.
Райхан Әміреева, «Жаркент мешіті» музейінің қызметкері:
- Бояуы бастапқы кезде бұдан да қанық болғандықтан, қазірге дейін осындай қалыпта болып сақталып тұр. Әртүрлі зерттеу жүргізілген кезде бояудың құрамы, құпиясы әлі күнге дейін ашылмады. Сол бастапқы кездегі бояуы сақталып тұр. Дәл осындай бояу әлі күнге дейін жасай алмаған екен.