Халықаралық жүк тасымалын дамыту туралы бірқатар келісім қабылданды

2027 жылға қарай Қытайдан Қазақстан арқылы өтетін жүк транзиті 10 млн тоннаға дейін артуы мүмкін. Мәжіліс қос елдің арасында жүк ағынын жетілдіруді көздейтін бірқатар келісімді мақұлдады. Оның бірі – Транскаспий көлік бағытын дамытуға бағытталған. Былтыр аталмыш дәлізбен тасымалдау көлемі 65% ұлғайды. Өсім мұнымен тоқтамады. Биылдың 4 айында тағы 14% жоғарылады. Осы аралықта темір жол арқылы тек контейнерлік жеткізілімдер 70% артқан. Құжат аясында цифрлық дәлізді іске қосу және жеткізілім мерзімін екі есеге қысқарту жолдары қарастырылған. Сәйкесінше, алыс-беріс еселене түседі.

Мәжіліс бұл үрдіске тың серпін беретін автотасымалдар туралы келісімді де құп көрді. Былтыр аспан асты елімен мұндай тәсілмен жүк алмасу көлемі екі есеге дейін артқан. 

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

– Жаңа келісім ақпараттық технологияларды енгізуді, тасымалдар үрдісін жетілдіруді, сондай-ақ екі ел аумақтарына автокөліктердің емін-еркін ішкерлей кіруін қарастырған. Осылайша қазақстандық автотасымалдаушылар жүк шоғырланатын ірі қалалар, сондай-ақ Қытайдың халықаралық теңіз порттарына дейін бару мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, келісімге сәйкес, барлық тасымалдар рұқсат негізінде жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде Тарап тасымалдаушыларына тасымал паритетін сақтауды реттеуге мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ төменгі палата депутаттары Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасында жүк тасымалдары туралы келісімді қабылдады. Құжат барлық көлік түрлерімен өзара халықаралық жеткізілімдерді, транзиттік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Айта кетейік, былтыр бауырлас мемлекеттер тауарайналымы 35 млн тоннаға жетті. Өсім шамамен 20% құрады.  

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

– Келісімді қабылдау Қазақстан арқылы транзиттік жүк тасымалдау көлемін одан әрі арттыру үшін алғышарттар жасап,  елдің көліктік-транзиттік әлеуетін дамытуға оң әсерін береді. Келісімнің нормаларын іске асыру мақсатында Түркі елдері арасындағы тасымалдауды дамыту жөніндегі Бірлескен комитет құрылады.