Ел экономикасы қарыштап, іскерлік белсенділік артып келеді. Бүгін қаржы министрінің мәжілісте берген есебі осыны меңзейді. Ерұлан Жамаубаевтің дерегінше, былтырғы табыс 12 триллион теңгеден асқан. Жалпы ішкі өнімнің өсімі 4% жеткен. Барлық салаларда ауыз толтырып айталық серпіліс бар. Мәселен, өнеркәсіп 4%, ал құрылыс 7,6 %-ке ілгерілеген. Көлік саласында да алға басушылық байқалады. Ал, саудадағы өсім 9 проценттен асты.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР қаржы министрі:
– 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 8,4%-ті құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,5%-ке ұлғайды. Жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталды. Мұндай жағдайда республикалық бюджеттің атқарылуы мынадай көрсеткіштермен сипатталады. Түсімдер 100,8%-ке атқарылып, 12,7 трлн теңгені құрады. Шығыстар 99,2%-ке игерілді және 15,2 трлн теңгені құрады. Әлеуметтік шығыстар 2020 жылмен салыстырғанда 910 млрд ұлғайып, 7,5 трлн теңгені құрады.
Қазыналық шығынның тең жартысы әлеуметтік салаға бағытталған. Министр бұл орайда мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін толық орындағанын айтты.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР қаржы министрі:
– Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласында педагогтердің, дәрігерлердің, мәдениет және халықты әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілді. Бұл мақсаттарға шамамен 950 млрд теңге жұмсалды. Тек эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 422,6 млрд теңге бөлінді. Жалпы, пандемияға қарамастан, мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындады.