Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауда дауыс берді. Спикер бұл шараға әрбір азаматтың қатысуының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев дауыс беру процесін 35 елден 600-ден астам халықаралық бақылаушы бақылап жатқанын да айтты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Президенттік сайлауымыз ашық, әділ түрде толықтай Қазақстанның заңнамасына сәйкес түрде және халықаралық стандарттардың аясында өтетініне толықтай сенеміз. Енді сайлау деген халыққа берілген үлкен мүмкіндік. Биліктің қайнар көзі халық екеніні біз конституцияда тайға таңба басқандай жазып қойдық. Сондықтан халық өз болашағын айқындап жатыр. Бұл бір жағынан мүмкіндік, екінші жағынан жауапкершілік
Парламент Мәжілісінің төрағасы да азаматтық позициясын білдірді. Сонымен қатар өз сайлау учаскесінде республика премьер-министрі дауыс берді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Бүгін еліміз үшін өте маңызды күн. ҚР Президентінің сайлауы. Бүгінгі күн еліміздің алдағы 7 жылдағы даму бағытын айқындайды. Сондықтан әр азамат сайлауда дауыс бергені дұрыс. Егер біз еліміз одан әрі өсіп, өркендей берсін десек, онда барлығымыз азаматтық белсенділік танытуымыз керек. Дауыс берушілер Мемлекет басшысы болуға лайықты кандидатты өздері таңдайды.