Биыл Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің туғанына 165 жыл толды. Қазақ
мәдениеті мен әдебиетінің нар тұлғасын ұлықтау шаралары ойшылдың туған жері Павлодар
өңірінің Баянауыл өлкесінде өтті. Мерейтой аясында республикалық ақындар
айтысы, жыршы-термешілер байқауы, көкпар тартыс пен бәйгеге сәйгүліктер шауып, қазақ күресінен балуандар белдесті. Мәшһүр
Жүсіп Көпеев қара өлең жазумен қатар,
ауыз әдебиеті үлгілерін жинады. Шежірелер мен айтыстарды, тарихи жырларды хатқа
түсіріп, кейінгі ұрпаққа мирас етті. Ғұмырын туған халқының сауатын ашуға
жұмсады. Фольклор танушы, этнограф, тарихшы, философ араб және парсы тілдерін жетік меңгеріп, көп
тілді білген ғұлама. Алқалы жиында Мәжіліс төрағасы Мемлекет басшысының құттықтау
хатын оқып берді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы халқымыздың ауыз әдебиетін, шежірелі
тарихын және салт-дәстүрін жан-жақты зерделеп, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз
үлес қосты. Халықты өнер-білімге шақырған өлеңдер мен толғаулар, дастандар мен
қиссалар жазып, төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтті. Терең таным мен телегей
білімнің арқасында елге танымал болып, «Мәшһүр» атанған абызды ұлықтап,
еңбектерін жұрттың жадында жаңғырту – баршамыздың ортақ парызымыз. Қасым-Жомарт
Тоқаев.