АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен құлтемір құрастыру жарысы 110 мемлекеттен 36 мың дарынды жастың басын қосты. Дүбірлі додада ел намысын 50-ге жуық оқушы қорғады. Алматылық 6-дан 10 жасқа дейінгі ең кіші санаттағы команда жоғары ынта-жігері, ынтымақтастық рухы және өзара сыйластығы үшін ерекше аталымды иеленді. Бастауыш сынып шәкірттерінің инновациялық әрі техникалық әзірлемелері ең үздік жобалардың қатарынан көрінді. Сондай-ақ күрделі тапсырмаларды орындай алатын берік және тиімді робот жасаған 10-16 жастағы орта буын легінде тағы бір отандық құрама жоғары техникалық сыйлығын жеңіп алды. Бұған қоса, 12-18 жас аралығындағы жоғары санаттың жүлдесі де алматылық команданың еншісіне бұйырды.
Естеріңізге сала кетейік, құрама биыл еліміздің Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған FIRST Central Asia Орталық Азия ойындарында жасақталды.