Қазақстанда әлеуметтік қызмет моделі жаңартылады. Бұл туралы Мемлекет басшысының қабылдауында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Президентке Қазақстандағы әрбір отбасының әл-ауқатын арттыруға және жұмыспен қамту ісінің табысты болуы үшін жағдай жасауға бағытталатын жаңа әлеуметтік саясат қалыптастыру тәсілдері ұсынылды, деп хабарлайды Ақорда.
Тамара Дүйсенова зейнетақымен қамтамасыз ету және Әлеуметтік кодекс әзірлеу мәселелері туралы баяндады. Президент геосаяси жағдайдың өзгеруін және еңбек нарығына қысымның күшеюін ескере отырып әзірленген көші-қон саясатын дамыту жоспарымен танысты.
Тамара Дүйсенова, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Бүгін біз Президентке әлеуметтік Кодекстің даярлану барысы туралы баяндадық. Әлеуметтік кодексті даярлау аяқталды. Қазіргі таңда 80-нен артық кодекстер мен заңдарға өзгерістер енгізіп жатыр. Ең негізгі мәселе қазақстандық отбасылардың әлеуметтік жағайын көтеру. Сондықтан қазіргі жасалып жатқан заңдарда қазақстандық отбасылардың цифрлық картасын жасау, жастарды жұмыспен қамту, Әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін одан әрі тереңдету және ішкі, сыртқы миграциялық саясаттарға байланысты өзгерісті енгізгелі отырмыз.