Қызылордада алғаш рет бауыр трансплантациясы жасалды. Ауыр дертке шалдыққан 40 жастағы келіншекке күйеуінің інісі донор болды. Қазір екеуінің де жағдайы қалыпты. Дегенмен, әлі де дәрігерлер бақылауында. Әлемдегі ең күрделі операциялардың бірін Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас дәрігері Болатбек Баймаханов бастаған дәрігерлер тобы мен қызылордалық мамандар бірлесіп жасады. Білікті медицина қызметкерлерінің тәжірибесінің арқасында донор бауырының 65%-і науқасқа салынды. Иненің жасуындай тамырларды жалғау операциясы 10 сағатқа созылып, сәтті өтті.
Жасұлан
Баймаханов, Облыстық
көпбейінді аурухана директоры:
- Бүгін донор бауырды
берген қайнысын біз үйге қайтардық. Жағдайы жаман емес, бәрі дұрыс. Ал, бауырды
қабылдаған адам да жаман емес. Анализдері бәрі жақсарып жатыр. Бізде мұндай
отадан кейін 20-25 күн ауруханада жатуы керек.
Гүлмира
Дүйсебаева,
ем алушы:
- Қазіргі жағдайым жақсы. Маған өмір сыйлаған қайын інімнің, бас
дәрігерлердің арқасында өмірге жаңа келгендей болып отырмын. Жақында үйге
шығасың деді.
Бүгінде бауыр трансплантациясы Алматы мен Астанада ғана жасалып
келді. Енді бұл тізімге Қызылорда облысы қосылды. Айта кетейік, қазір елімізде
бауыр ауыстыруды қажет ететін екі мыңдай науқас бар. Оның 76-сы қызылордалық. Мамандар
аймақ медицинасын дамыту арқылы күрделі операциялар жасалып, мәселені шешуге
жол ашылады дейді.

