Қазақстандық студенттер альцгеймер ауруын бастапқы кезеңде анықтайтын тест дайындады. Ментор мен психотерапевттің қолдауымен олар бірнеше сұраққа жауап беру арқылы ауруды анықтауға болатын платформа ойлап тауып, онда ауру белгілері, қауіп факторлары, себептері және тіпті осы күрделі аурудың алдын алу шаралары туралы толық ақпарат алуға болатын алаң құрды.
Аманжол Шунгеев, платформаны әзірлеуші:
- Аталмыш тесттің өзгешелігі, бірінші кезекте оның баламасы посткеңестік елдерде мүлдем жоқтығында. Бәлкім, сіз атауы ұқсас мұндай құралды кездестіруіңіз мүмкін, алайда медицина тұрғысынан, кәсібилік жағынан таппайсыз. Сондықтан бұл тест – бірегей. Біз құрылғыны әзірлеуді жалғастырудамыз. Яғни науқастар үшін де, дәрігерлер үшін де бір қарағаннан түсінікті болуы үшін жетілдіре түсудеміз.
Бұған дейін науқастар ауруханаларда белгілі бір сұрақтарға жауап беру арқылы зерттеуге қомақты қаражат төлеген болса, енді үйден шықпай-ақ онлайн режимде тексеріле алады. Әзірлеушілердің айтуынша, процеске науқас көп уақытын жоғалтпайды. Тест ары кетсе, жарты сағаттан аспайды.
Юсуп Тумгоев, платформаны әзірлеуші:
- Адамдарға арнайы ауруханаға барудың қажеті жоқ. Мысалы, жиі болатын оқиғалардың бірі ретінде адамдар көбіне қолын бір сілтей салады, болмаса аса назар аудармайды, тіпті менталитетке байланысты бармай қалуы мүмкін. Ал мұнда тест онлайн режимде және жасырын өте аласыз. Нәтижесінде қауіптің бар-жоғын түсінесіз. Егер ауру бар болса, оның қай деңгейде екенін біле аласыз.
Қосымшаны әзірлеушілер, қазіргі таңда олар көтеріп отырған мәселенің өзекті екенін айтуда. Олардың сөзінше, қазақстандықтар «альцгеймер ауруы егде жастағы азаматтарда ғана болады» деген ұғымды ұстанады. Алайда ол олай емес. Науқастардың туыстары ауру белгілерін білген сәттен дабыл қағуы тиіс. Бүгінде республикада аталмыш диагнозбен 100 мыңнан астам адам ауырады. Дәрігерлер егер анықтау процесін арттырса, науқастар саны бірнеше есеге артуы мүмкін деп санайды.
Юсуп Тумгоев, платформаны әзірлеуші:
- Бұл ауруды бастапқы кезеңде диагностикалау өте маңызды. Міне, жақын арада, жаздың маусым айында альцгеймерді емдеуге арналған препарат мақұлданды. Бірақ бұл препарат аурудың бастапқы деңгейіндегі азаматтарға әсер етеді. Ал ауруды асқындырып алған адамдарға дәрінің емдік әсері болмайды. Сондықтан бұл ауруды мүмкіндігінше ертерек анықтау өте маңызды. Ал бұл процеске біздің тестіміз қол ұшын береді.
Әзірлеушілердің айтуынша, платформаға қазірдің өзінде қазақстандық дәрігерлер қызығушылық танытуда, ал ынтымақтастықтың ауылы тіпті алыс емес. Қазір әзірлеуші топ тегін тест тапсыратын 30 адамның тізімін дайындауда. Олардан альцгеймер ауруының белгілері анықталған жағдайда дәрігердің қабылдауына жіберіледі.