Қырғызстан Қазақстанға Талас өзені арқылы 400 млн және Шу өзені арқылы 180
млн текше метр су жібереді. Ол Жамбыл өңіріндегі ауыл шаруашылығы алқаптарын
суаруға жұмсалады. Тараптар мемлекетаралық су шаруашылығы құрылымдарын
пайдалану жөніндегі қазақ-қырғыз комиссиясының 35-ші отырысында осындай
келісімге келді. Айта кетейік, сәуір айының өзінде-ақ көрші мемлекеттен 45 млн
текше метр су келген. Жиында қоршаған ортаны қорғау және су сапасын бақылау
бойынша бірлескен жұмыс тобының қызметі де талқыланды.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Екі жақты ынтымақтастықтың арқасында 2024 жылдың суару маусымы еш шығынсыз өтіп, төтенше
жағдай тіркелген жоқ. Осы сәтті пайдаланып, халықаралық Аралды құтқару қорының шарттық-
құқықтық базасын жетілдіруді ұйымдастыру жұмысына белсенді атсалысқаны үшін
Қырғыз еліне алғыс айтқым келеді. Қырғызстан жақын арада аталмыш ұйымға
қатысуын жандандырады деп үміттенеміз. Бұл Орталық Азия өңірінің экологиялық, экономикалық,
әлеуметтік, су шаруашылығы мен энергетикалық ахуалына оң әсерін тигізетіне
сенімдіміз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

