Қазақстан Халқы Ассамблеясының Креативті шешімдер платформасы құрылады. Ол
құрылымның шығармашылық жобаларын біріктіретін бірегей алаңға айналмақ. Өнер
мен жасанды интеллектіні ұштастыратын тың бастама келер жылдың алғашқы
жартысында таныстырылады. Сандық жүйеде озық технологиялар көмегімен фольклорды
визуализациялау, комекс, видеоконтент өндірісі, музыка, қолөнер туындыларын
жинақтау көзделіп отыр. Мақсат ҚХА жұмысы мен еліміздің татулық моделін кеңге
насихаттау.
Құралай Түспекова, ҚХА Шығармашылық ұжымдары
қауымдастығының төрағасы:
- Біздің тәжірибемізге әлемдік мәдени қауымдастықтың қызығушылығы
жоғары. 150 ден астам мемлекет мүше CIOFF халықаралық әлемдік фольклорлық
фестивальдер федерациясынның екі шарасына қатысып, біздің ұлтаралық келісім
модельін таныстырдық. Орталық Азияда өз модельімізді насихаттау бағытында көршілерімізбен
тығыз байланыс орнаттық.
Биыл бірлестіктің жұмысы халықаралық деңгейде Юнесконың Париждегі штаб пәтерінде таныстырылды. Онда ассамблеяның жастар арасындағы этносаралық қатынасты нығайтуға басымдық беретіні айтылды. Бұл ретте «Жас толқын» жобасы қолға алынды. Ол қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Бүгінде «Студенттік ассамблея» елдегі 100-ге тарта колледж бен жоғары оқу орындарында ашылып жатыр.
Тимур Жұмырбаев, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Алдағы уақытта да Жүргенов атындағы университет, Шабыт
университеті сынды шығармашылық ғылыми мекемелермен серіктестік аясын кеңейтуді
жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, шығармашылықты дамытатын шетелдік әріптестермен
халықаралық ынтымақтастықты дамыту жолдарын қарастырып жатырмыз.

