Қазақстанда 2025-ші жылы бірқатар
инвестициялық жоба іске қосылады. Олардың 15-і Түркістан облысында, 14-і
Алматыда жүзеге асырылмақ. Жобалардың толық
қуатына шығуының нәтижесінде
жалпы өндіріс көлемі 2 трлн теңгеден астамды құрайды. Ал, жоспарланған жобалар арқылы импортты
алмастыру көлемі ұлттық валютада шамамен 1,5 трлн тең келеді. Бұл туралы елдің
өнеркәсіп министрлігі хабарлайды. Тиісті ведомствоның мәліметінше, басты
назарда машина жасау, өңдеу өнеркәсібі және қара металлургия салалары тұр. Алматыда
жылына 90 мың жеңіл көлік шығаратын жаңа мультибрендті автозауыт салу
жоспарлануда. Қостанай облысында тағы бір темір тұлпар құрастыратын кәсіпорын
пайда болады. Онда жылына 70 мың дана КИА маркалы көлік шығарылады. Сонымен
қатар, Шымкентте алюминий пакеттерін өндіру зауытының өндірістік қуатын
жаңғырту жоспарланған. Жоба жаңа технологиялар мен өнімдерді енгізу арқылы
Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға серпін береді. Сондай-ақ, екі
кәсіпорын Атырау және Абай облыстарында салынбақ. Зауыттарда жүк вагондары мен сұйық
өнімдерге арналған картон қаптамалары шағарылады.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

