ҚР Премьер-Министрі Жамбыл облысында денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту жұмысымен танысты

ҚР Премьер-Министрі Жамбыл облысында денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту жұмысымен танысты

Жамбыл облысында 26 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 20-ы Ұлттық жоба шеңберінде іске асуда. Бұл қатарда дәрігерлік амбулаториялар, медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер бар. Сондай-ақ, өңірге медициналық құрал-жабдық және 30 санитарлық автокөлік сатып алуға 4,5 млрд теңге бағытталған.

Бұл жөнінде ел Премьер-Министріне баяндалды.

Үкімет басшысы аймақтың фармацевтика өнеркәсібінің дамуы мен денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту жұмысымен танысты. Олжас Бектенов Super-Рharm зауытын аралады. Кәсіпорын отандық медициналық мекемелерді жылына 300 млн бірлік бір реттік инъекциялық шприцтер, тоқыма емес материалдардан жасалған бұйымдар, лейкопластырьлер, спиртті майлықтармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Мұнда шикізаттан бастап дайын өнімге дейін технологиялық процестің толық циклі бар

Қайрат Қаймолдаев, «Super-Pharm» ЖШС бас директоры

– Биыл 16 мың шаршы метр жаңа корпус ашып жатырмыз. Одан басқа бұл жерде инсулин ісікке қарсы онкологиялық дәріні және ветеринария ашайын деп жатырмыз. Келесі жылы бәрін іске қосамыз. Осындай зауыт Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД-да жоқ. Біз лейкопластырьден бастап системаға дейін шығарамыз. Кейбір шығаратын заттарымызда қазақстандық үлес 95%. 

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елімізде барлығы 655 нысан салынбақ. Елді мекендерді медициналық мекемелердің жаңа ғимараттарымен қамту үлесі өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артты.

Премьер-Министр бірқатар жаңа нысандарды кеңейту қажеттігін, сондай-ақ білікті маман тапшылығы мәселесін атап өтті.