Қазақстанда бизнеске кепіл беру үшін екі қор құрылады

Қазақстанда бизнеске кепіл беру үшін екі қор құрылады

Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлік үшін және жеке ірі бизнес үшін несиелерді кепілдендірудің екі бірдей қоры құрылады. Алғашқысының аясында биылдың өзінде 30 трлн теңгеге 1,7 мыңға жуық жоба қолдау таппақ. Ал екіншісі - елдегі ірі стратегиялық маңызды  жобалардың санын ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл ретте негізінен экспортттық әлеуеті зор өңдеуші өнеркәсіп салалары демеу көреді. Олардың ішінде металл өңдеу, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, химия және жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өнімдері мен құрылыс материалдарын шығару,машина жасау, сондай-ақ IT-сала, логистика, жүк тасымалдау, туризм және түрлі ауқымда инфрақұрылымдық жобалар бар. Үкіметте ел экономикасының нақты секторын қаржыландыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ, отырыста 2025-ші жылы қосымша инвестициялардың көлемін арттыру шаралары талқыланды.  Олар негізінен елдегі энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру есебінен қамтамасыз етіледі деп көзделіп отыр.  

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі: 

- Ұлттық жоба шеңберіндегі инвестициялар көлемі 5 жылда 13 трлн теңгеден асады, бұл ретте ағымдағы жылы инфрақұрылымды жаңғыртуға салынған инвестициялар шамамен 1,2 трлн теңгені құрайтын болады. Ұлттық жоба инвестициялардың өсуіне, сондай-ақ, жаңа отандық тауарлар мен елдің коммуналдық инфрақұрылымын салу кезінде өнімдері сатып алынатын өндірушілердің пайда болуына ықпал ететін болады. 

Үкімет басшысы осы мәселеге жіті тоқталып, инвесторларға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар оларға толық қолдау көрсетіп, инвестициялық жобалардың іске асырылуын бақылауы тиіс. Олжас Бектенов әкімдіктерге жергілікті қазынаға қаражатты белсенді түрде тартуды, ал салалық министрлікке басым жобаларды уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Премьер-министр бұған екінші деңгейлі банктерді жұмылдырудың маңызын тілге тиек етті.  

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: 

- Мемлекет субсидиялау, кепілдік беру және қайта қаржыландыру құралдарымен қамтамасыз етуге дайын. Ал, банктер тек сауда немесе тұтыну кредиттерін беріп қана қоймай, өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобалармен де жұмыс істеуге әзір болуға тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік институттар мен банктер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету керек. Мемлекеттік қаржы құрылымдары екінші деңгейдегі банктердің қызметін қайталамай, олардың қаржыландыру ісіне қатысуы үшін жағдай жасауы қажет. Жалпы, біз жеке инвестиция құралдарын, оның ішінде корпоративтік облигациялар шығаруды және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін дамытуға тиіспіз. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?