Қазақстанның 184 зертханасында коронавирустың ПТР диагностикасы жүргізіледі. Оларда пандемия басталғалы 22 млн-нан астам зерттеу жүзеге асырылған. Жалпы коронавирус бас көтергелі ел қалаларында 16 модульдік аурухана салынып, 3 инфекциялық аурухана реконструкцияланды, 63 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19-бен екі жылдық күрестің қорытындысы бойынша жариялаған ақпаратында осындай мәлімет келтірілген. Арнайы құрылған ведомствоаралық комиссия 2 мыңнан астам жедел және ұтымды шешімдер қабылдады. Өткен жылдың 1 ақпанынан бастап тұрғындарды вакциналау басталды. ҚР Ұлттық биологиялық қауіпсіздік институты «QazVac» отандық вакцинасын әзірлеп шығарды. Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында «Спутник V», «Спутник Лайт» вакциналарының өндірісі іске қосылды. «Бүгінде қазақстандық вакциналау паспорты әлемнің 30 елінде танылады», – деп хабарлайды еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі.