Қазақстанда кәсіпкерлерге жеке ісін жүргізуге тосқауыл болатын 80 кедергі анықталды. Оның 13-іне қатысты шара қабылданған. Қазіргі уақытта елдің 17 өңірінде тосқауылдар бойынша құрылған кеңестер жұмыс істейді. Оларға 216 сарапшы қатысады. Бұл орайда маңызды міндеттердің бірі негізгі қуатқа қол жеткізуді қамтамасыз ету болып отыр. Басқаша айтсақ, инфроқұрылым мен нысанды тиісінше пайдалану мүмкіндігінің жоқтығы. Бұл – кәсіпкерлердің тұтынушыларға өз қызметін ұсынып, бәсекеге қабілетті болуына үлкен кедергі.
Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және даму агенттігінің төрағасы:
- Қазіргі күннің негізгі міндеті – мемлекеттің экономикадағы рөлін айқындау. Бұл ретте, бәсекелестікті дамыту бойынша үш негізгі реттеуші кедергі анықталды. Соның бастыларының бірі – негізгі қуатқа қол жеткізу, бағаны бұрмалау, сондай-ақ жебеушілік немесе фаворитизм. Негізгі қуатқа қол жеткізуді қамтамасыз ету маңызды міндет болып отыр.
Сала мамандарының айтуынша, жеке кәсіпке тосқауыл болатын келеңсіз жайттарды жоюға басымдық беріліп келеді. «Басты мақсат – осы жұмысқа жаңа талаптар ендіру. Сонда ғана елдегі бизнестің ахуалы түбегейлі өзгереді», – дейді сарапшылар.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов