Ақбөкендер тек ғылыми зертеу мақсатында қолға үйретілмек. Ғалымдар олардың тұқымын ветеринарлық және биологиялық тұрғыда бақылайды. Кейін жиналған мәліметтер негізінде ғылыми негіздеме жасалады. Оның қорытындысы 2025 жылға дейін жарияланады. Бұл туралы елдің экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде өткен жиында мәлім болды. Киелі дала жауһарларын зерттеумен еліміздегі зоология институты мен Батыс Қазақстан агро-техникалық университетінің мамандары айналысатын болады. Ғалымдар бұл игі шаралар жануарларға теріс әсерін тигізбейтінін алға тартып отыр. Тиісті құжат қоғамдық талқылау үшін «Ашық» үкімет порталында жарияланды.
Андрей Ким, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:
- Ғылыми зерттеудің мақсаты-киіктердің популяциясын зерттеу. Тұтастай алғанда, бұл жануарды ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалану, яғни дала жануарларын қолға үйрету жолдарын жан-жақты қарастыру. Бір сөзбен ауыл шаруашылығы мәдениетіне енгізу. Ол үшін оларды арнайы тәлімбақтарда ұстап, біраз зерттеулер жүргізіп бақылайтын боламыз. Қоғамның өзі осыны ұсынған болатын. Бұл өте тиімді тәсілдердің бірі. Өйткені, болашақта шаруалар киіктерді қой-ешкі, сиыр сияқты үй жануары ретінде өсіре алатын болады.
Былтыр жүргізілген санақ жұмыстарына сай Қазақстанды 1,3 млн. киік мекен етеді. Бұл әлемде барлық осы тұқым түрінің 90%-ті.