Көне Отырар өркениеті туристерді тартуда. Ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге келген тарихи шахарға былтыр 400 мыңнан астам турист ат басын бұрған. Бұл туралы бірегей жәдігерлерге толы «Ұлы жібек жолы және Отырар алқабының ортағасырлық өркениеті» атты көрменің ашылу салтанатында Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Жангелді Мақашев мәлімдеді. Айта кетейік, елордада бүгін көне қаладан арнайы келген жылжымалы көрме көпшілікке таныстырылды. Онда ескі заттардың 169 түрі қойылған. Музей директорының айтуынша, мұражай қорында қазіргі таңда 25 мыңдай жәдігер сақтаулы. Жылжымалы көрменің өңірлерге сапары кезінде олар жаңарып, толықтырылып отырады.
Жангелді Мақашев, Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы директорының міндетін атқарушы:
– Бұл көрме екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі ол – 9-12 ғасырдағы Отырар өркениетінің айшықтайтын заттар. Екінші кезең ол – Моңғол шапқыншылығынан кейін Отырардың өркендеуі. 2020-2022 жылдарға арналған 3 жылдық бағдарлама бар, осы Отырарды зерттеп, реставрация, консервация жасау. Соның биыл қорытындысы болады. Біздің жоспарда осы елорлада кейін тамыз айында Атырау облысына бару және қыркүйек айында Батыс Қазақстан Орал қаласында, Батыс қазақстан облыстық өлкетану музейінде де жалғасын табады.