Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің қатысушыларына Рим Папасы Франциск үндеу жолдады. Понтифик қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Адамның жаратылысын махаббат, әділдік пен қайырымдылық құрайды» деген сөздерін мысалға келтірді. Осы ретте Рим-католик шіркеуінің басшысы адамзат баласын қару-жараққа емес, білімге қаржы құюға үндеді.
Рим Папасы Франциск:
– Әлем қазір қару-жараққа қыруар қаржы құйып жатыр. Негізінен бұл ақшаны білімге салу қажет деп есептеймін. Сонда ғана адамзат алға жылжи алады. Әлемдегі ахуал да ушығып тұр. Түрлі қақтығыстардан бөлек, адамгершілік азайып, табиғатқа орасан зиянымызды тигізіп жатырмыз. Дүниежүзіне ортақ диолог қажет. Барлық дін өкілдері осы үшін жұмыс істеуі тиіс.
Сондай-ақ, Рим папасы біздің елімізге арнап өз тілегін айтты. «Қазақстан бір-бірінен алшақ орналасқандардың басын қосатын, татуластыратын мекенге айналсын. Қазақ жері адами қарым-қатынасты басшылыққа ала отырып, маңызды кездесулер үшін жаңа жолдар аша берсін. Бұл тұрғыда өзара сыйластық пен шынайылыққа екпін қойылған», - деді Понтифик.
Рим Папасы Франциск:
– Қазақстанның достық қарым-қатынастарды құрудағы күш-жігерін атап өткім келеді. Бұл сіздің елдеріңіздің ерекшелігі және осы жайтты әрбіріміз кредо ретінде үлгіге алуымыз керек. Бірегейлікті сақтай отырып, бауырластық кездесуге әзір болайық.