Елордада үстіміздегі жыл соңына дейін ат спорты кешенін қолданысқа беру жоспарланған. Жаңа нысанның құрылысы ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға серпін бермек. Жалпы, бүгінде бас шаһардың 406 мыңнан астам тұрғыны салауатты өмір салтын ұстанады. Нина Хайхан ұзақ уақыт бойы емдік дене жаттығуларын жасап, тенниспен шұғылданады, бұған қоса цигунмен әуестенеді. Былтырдан бері зейнеткер скандинавиялық жүріс әдісін меңгеріп алған. Қала тұрғындары үшін осылайша таяқпен жүру «қолжетімді спорт» жобасы аясында тегін ұйымдастырылады. Сондай-ақ, кез-келген адам аптасына төрт рет өтетін йога үйірмесіне жазыла алады. Еш шектеу жоқ, ең бастысы ынта танытса болғаны. Оған көбіне егде жастағылар қызығушылық білдіреді.
Жадра Мырзахметова, жаттықтырушы:
– Адамдар ерекше ықылас білдіріп, үлкен қызығушылықпен келеді. Алайда, ауа райы бұлтты болған күндері көбі қауіптеніп үйде қалады. Негізінен шамамен 20-дан астам адам жиналады. Әдетте шуақты күндері белсенділік жоғары. Кейбірінің медициналық қарсы көрсетілімі бар. Оларға арнайы бейімделген белгілі бір жаттығу түрлерін беремін.
Ал, жасөспірімдер болса көбіне жоғары белсенділікті қажет ететін спортты таңдайды. Мәселен, шығыс жекпе-жек түрлері. Жасмин жақында каратэден сары белбеу иегері атанбақ.
Жасмин Есенбаева, Нұр-Сұлтан қ. тұрғыны:
– Егер біреу добымды тартып алуға әрекеттенсе немесе күш көрсететін болса мен өзімді қорғай аламын. Сондықтан карате үйірмесін таңдадым.
Елордада «қолжетімді спорт» жобасы өткен күз мезгілінде іске қосылды. 2021 жылдың желтоқсан айына дейін 20 мың адам жаттығуларға қатысқан. Биылдың көктемінен бұл спорттық қозғалысқа Қазақстанның тағы 6 қаласы тартылды.
Ажар Ахметбекова, Нұр-Сұлтан қ. спорт дирекциясы бөлімінің басшысы:
– Қала тұрғындары өздерінің саябақтарында ұйымдастырылған жаттығуларға қатыса алады. Скандинавиялық үлгіде серуендеу, жүгіру, каратэ, үстел теннисі, фитнес сияқты үйірмелер бар. Олар аптасына үш рет өтеді. Бұл жоба қыс мезгілінде де жалғасын табады, бірақ жабық кешендерде болады.
Елордада тұрғындарының 33% спортпен белсенді түрде айналысады. 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 35%-ке жеткізу межеленген. Бас қалада тұратындар спорттың 113 түрінен бабын сынай алады. Оның 36-сы ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған.