Қазақстанның ғалымдары мен тарихшылары Украина мемлекеттік мұрағаттарынан құнды құжаттарды анықтады. Олардың пікірінше, бағалы қағаздар біздің тарихымыздың көптеген құпия парақтарын ашуға мүмкіндік береді. «Аса құпия» деп таңбаланып келген тарихи құжаттарды Украина 2015 жылдан жария ете бастады. Осылайша қазақстандық ғалымдар өткен ғасырдағы жер аудару, ашаршылық, саяси қуғын-сүргінге қатысты құпияларды ашып, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен қазақ сарбаздарының толық тізімін анықтай алады.
Нұртаза Асылов, ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы директорының орынбасары:
- Ғылыми топтар үшке бөлініп, бірінші топ Киев қаласындағы архивтерде жұмыс атқарды. Киев қаласындағы орталық мемлекеттік Украина архиві, ұлттық қауіпсіздік архиві сынды 3-4 архивтер, көптеген архивтік құжаттар ғылыми айналымға енгізілмеген, бұрын-соңды болмаған. Осындай ғылыми архивтік жұмыстардың арқасында біз мыңдаған қазақстандықтардың есімін анықтап, сол жайлы архивтік құжаттар алдық.
Қайрат Әлімғазинов, ҚР Президенті архиві директорының орынбасары:
- «Аса құпия» деп белгілі болған құжаттарға қол жеткізілді. Украина мемлекеттік қауіпсіздік архивінде жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Мұнда нақты айтқанда 1937 жылдан 1991 жылға дейін НКБД, КГБ-ның бұйрықтарын, инструкцияларын, хаттамаларын, дерективаларының барлығын 2015 жылдан бері құпиясыздандыру комиссиялары ғылыми айналымға енгізіп жатыр. Қорлардың барлығы ашық.