Қазақстанда оқулықтардың 80% цифрлық форматқа көшірілді

Қазақстанда 2024 жылы пәндерді цифрлық оқулықтармен толық қамту жоспарланып отыр. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 80%-ке тең. Қазір цифрлық нұсқадағы оқулықтар мемлекеттік сараптамадан өтіп, оқу-әдістемелік кешендер тізіміне енгізілген.

 

Мереке Нұрмұханова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы:

 

- Цифрлық оқулықтарды әзірлеуге еліміздің 11 баспасы тартылды. Пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу мақсатында педагогтердің оны пайдалануы үшін әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, оқытылды. Қазіргі күні еліміздегі бастауыш сынып оқулықтарының 94%, 5-9 сынып оқулықтарының 81%, 10-11 сынып оқулықтарының 61% электронды нұсқаға көшірілген.

Айта кетейік, электрондық оқулықтармен қатар мектептерде қосымша оқу материалы ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылады. Қазіргі күні 50 мыңнан аса цифрлық білім беру ресурсы жасалды. Жыл басынан бері бұл қатарға 6 мың 700 мектеп қосылды. Бұл материалдарды күн сайын 3 миллионға дейін оқушы мен мұғалім қолданып келеді. Цифрлық білім қорларында барлық сыныптарды қамтитын 50 мыңнан аса бейнесабақ жарияланған.