500 мың турист. Орталық Азиядағы ең ірі әрі бірегей туристік кешен – «Керуен-сарайға» осыншама қонақ келеді деп күтілуде. Бұл туралы «Qazaq TV» арнасына берген арнайы сұхбатта аталмыш кешеннің бас менеджері Ахмет Келес мырза мәлімдеді. Оның айтуынша, кешенге тек қазақстандық туристер тарапынан ғана емес, алыс-жақын шетелдерден де қызығушылық жоғары.
Айта кетейік, 2020 жылдың басында құрылысы басталған ғимарат 14 айдың ішінде рекордтық көрсеткішпен салынып бітті. Құрылыс жұмыстарына 2200-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған.
Ахмет Келес, «Керуен-сарай Түркістан» кешенінің бас менеджері:
- Біз пандемияда, жалпы оңай емес кезеңде ашылдық. Бірақ соған қарамастан, кешенге деген қызығушылар саны жоғары. Сонымен қатар адамдардың реакциясы тек жағымды. Бізге елорда, Алматы, Шымкент қалаларынан көптеген қонақ келуде. Сондай-ақ алыс-жақын шетелдерден, яғни Өзбекстан, Қырғызстаннан да келуде. Біз жыл соңына дейін шамамен 300-500 мың турист күтудеміз. Болашақта келушілерді, шекараны кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Пандемиядан кейін жағдай жақсарып, шетелдерден келетін қонақтар саны арта түседі деген сенім бар.
Авторы: Ақзер Сегізбай