Central Asia Gateway виртуалды сауда ақпараттық хабы әлемде ең үздік деп танылды. Портал биыл мамыр айында іске қосылды. Осы уақыт ішінде бірыңғай цифрлық платформаны пайдаланушылар саны 195 мыңға жетті. Бүгінде ол Орталық Азиядағы 280 сауда ағынын қамтиды. Портал Еуропалық Одақ қаржыландыруымен Ready4Trade жобасы аясында әзірленген. Айта кетерлігі, ұлттық веб-сайттардағы мәліметтерді біріктіретін онлайн-портал аймақішілік сауданы жеңілдету мақсатында құрылған. Оның арқасында бизнесмендер өз өнімдерінің ерекшеліктерін ескере отырып, трансшекаралық сауда талаптары туралы ақпарат алып, Орталық Азия елдеріндегі импорт, экспорт және транзит ережелері мен тәртібі туралы біле алады.
Нұрлан
Құлбатыров, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директорының
орынбасары:
- Central Asia
Gateway бастамасы іске қосылды. Яғни, Орталық Азия елдерінің 5 ақпараттық
порталы бір ақпараттық алаңға біріктірілген. Мысалы, қазақстандық ұнның
экспортын алсақ, Өзбекстан үшін бұл импорт. «Есіктен есікке» деп аталады. Мұнда
барлық қадамдар, экспорт және импорт процедуралары, толығымен сипатталған .
Айта кету керек, ДСҰ келісімі аясында Орталық Азияның барлық елдерінде сауда
ақпаратының ашықтығы мен қолжетімділігі бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Алдағы уақытта Орталық
Азия елдері үшін сауда рәсімдерін жеңілдетуге арналған бірыңғай платформаның
функционалдығын кеңейту қолға алынбақ. Оның ішінде тауар өндірушілердің бірыңғай электронды
деректер базасын құру да бар. Ол сауданың одан әрі дамуына және инвестицияның
өсуіне ықпал етеді. Жалпы, сарапшылардың бағалауынша, соңғы 5 жылда Орталық
Азия елдерінің өңірішілік тауар айналымы 80%-ке артып, 10 млрд доллардан асты.