Дала еркесі киіктерді ату - әділетсіз шешім. Табиғат қорғаушылары киік популяциясын реттеу туралы шешімге қарсылық білдіріп, олардың санын кемітіп алмайық деп дабыл қағуда. Еске салайық, қазан айынан бастап елде киіктердің «Орал популяциясын» реттеу басталады. Батыс Қазақстан облысындағы 800 мың киіктің 80 мыңы атылмақ. Оның 500 басы ғылыми зерттеулерге алынады деп жоспарланып отыр. Былтырғы санақ түз жануарының 842 мың болғанын көрсетсе, биылғы әуе санағы 1 318 000 басқа жеткен.
Азаматхан Әміртай, Қазақстанның жасылдар партиясы «БАЙТАҚ-ты» ұйымдастыру комитет төрағасы:
– Киіктерді атуға рұқсат беруге болмайды. Әрине, мынау аңшылардың бизнесі қатты дамыған. Олардың арттарында үлкен лобби бар. Олардың популяциясын көбейту үшін мемлекеттік бюджеттен қаншама қаражат бөлінді. Енді қайтадан біз аңшылықты жасайтын болсақ, мәселен 10% рұқсат еткеннен кейін, ертең кім кепіл береді 50% атып тастамайтынына. 10% атуға рұқсат беру деген сөз, ол киіктерді түгелімен жойып тастаумен тең.
Ал жауапты орган киіктердің популяциясын реттеу шарасы жануарлар жайылымдар мен егін алқаптарын таптап, шаруалар наразылық білдіргеннен кейін қолға алынғанын алға тартуда. Оның ішінде тек ату ғана емес, кейбір популяциялардың санын көбейту шаралары да көзделген дейді мамандар.
Бақытжан Исахаев, ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:
– Қазіргі күні киіктердің санын реттеу бойынша биологиялық негіздеме әзірленді. Оны Білім және ғылым министрлігінің зоология институты әзірледі. Олардың ұсынысы бойынша киіктердің қазіргі саны 10 пайызын, яғни үлкен санына кері әсер етпейтін шамада беріп отыр. Бұл киіктің санын реттеу бойынша жұмыстарды арнайы мекеме атқарады. Ол құзырлы органдар, әкімдіктер, министрлік өкілдері, соларға қарасты аумақтық бөлімшелер бақылауында өтеді.
Тараптар арасындағы дау нақты шешім тапқан жоқ. Киіктерді ату не атпау мәселесі 7 шілдеде экологтар, қоғам белсенділері мен құзырлы министрлік өкілдері қатысатын арнайы отырыста талқыланбақ. Мәселе арна тілшісінің жіті назарында болады.