Қазақстандық құмай тазылар Швейцарияда өткен әлемдік иттер сынында үздік атанды. Қазақы қос итке де World Dog Show 2023 жарысында мойындалмаған тұқымдар тобында ең жоғары титулдар берілді. Мәселен, «Тұмар» есімді тазы «Тұқымның үздік өкілі» және «Женевадағы Әлем кубогының жеңімпазы» атақтарына лайық деп танылды. «Вангелия» «Қарсы жыныстың үздік өкілі» және «Женевадағы Әлем кубогының үздік ардагері» атақтарын ұтып алды. Ұлттық тазы клубының басшысы Елена Хардина бұл жеңіске 2006 жылдан талпынып келе жатқандарын айтады. Айта кетейік, жылдың ең мықты төртаяқтылар байқауында әлемнің түрлі елдерінен 20 мың иттің дағдылары мен қасиеттері сыналды. 200-ге тарта асыл тұқымның өкілдерін 150 халықаралық төреші бағалады. Енді бір айта кетерлік жайт, Қазақстан халықаралық кинология қауымдастығының толық мүшесі болды. Осылайша, бұдан-былай қазақы тазы мен төбетке кез-келген халықаралық жарысқа қатысу үшін жол ашылды.