Еліміздегі әр өреннің құқықтары барынша сақталып, жан-жақты қорғалып, балалық шағы қамқорлыққа толы болуы тиіс. Қазақстанда алдағы жылы осы басымдықтарды қамтамасыз етуді көздейтін балалар игілігінің қазақстандық индексі енгізіледі. Бұл ұсыныс Үкіметтің кезекті отырысында қолдау тапты. Көрсеткіш халықаралық талаптарды ескере отырып, барлық өмірлік маңызды сала: қауіпсіздік, денсаулық, білім, материалдық игілік, жеткіншектерді әлеуметтендіруді қамтымақ. Премьер-Министр Асқар Мамин бұл индекстің көмегімен мемлекеттік органдарда балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі жұмыстың қаншалықты нәтижелі атқарылып жатқаны қадағаланатынын ескертті.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Балалардың білім ұйымдарында, көшеде, демалыс кезінде қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Мемлекет басшысы тиісті оқу-жаттығу мен түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, төтенше жағдайларда мұғалімдер мен балалардың іс-әрекеті алгоритмін пысықтауды тапсырғанын білесіздер. Осыған байланысты Білім және ғылым, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау министрліктеріне, өңір әкімдіктеріне білім және мектептен тыс білім нысандарында тиісті қауіпсіздік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету бойынша Жол картасын 2 апта ішінде әзірлеуді тапсырамын.
Автоары: Жеңіс Ермұқанов