Қазақстанда ақпараттық бағдарламалаудың заманауи мектептері құрылады. 20 жаңа оқу орны IT саласында жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталмақ. Бұл туралы арнайы брифинг барысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді. Оның дерегінше, онда оқу 2 жылға созылады. Сондай-ақ бейінді ведомства басшысы елде осы текті бірнеше оқу орны жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті. Бүгінде олардың түлектері ел аумағынан шықпай-ақ, жаһандық «big-tech» компанияларында табысты қызмет етуде. Бұл ретте осындай инновациялық мектептердің дамуын ынталандыру үшін «Tech Orda» бағдарламасы бойынша 20 мың грант бөлінеді деп күтілуде. Тек талапкерлер ғана емес, сонымен қатар өз қызметін өзгертуге ден қойған кез келген адам әлемде сұранысқа ие IT дағдыларын тегін игере алады.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Көптеген ЖОО сапалы түлектерді шығарып жатқан жоқ. Елге жоғары білікті мамандар қажет. Бұл – біздің ортақ мәселеміз. Сондықтан да Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп нақты IT факультеттері бар 50 аумақтық ЖОО-ны IT саласына бейімделген ЖОО-ға және IT-компаниялардың қамқорлығына беруді қамтамасыз етеміз.