Қазақстан Президенті Ақордада БҰҰ-ның жоғары өкілдер тобымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның Өңірлік экологиялық саммит пен жиынның күн тәртібін әзірлеуге қосқан үлесін жоғары бағалады. Ол су ресурстарының тапшылығы секілді қазіргі сын-қатерлерге қарсы іс-қимылды үйлестіру өте өзекті екеніне тоқталды. Президент жаһандық мәселелерді шешуде БҰҰ-ның әмбебап халықаралық платформа ретіндегі баламасыз рөліне назар аударды. БҰҰ-ның өкілдері Өңірлік экологиялық саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, Қазақстан Президенті пленарлық отырыста мазмұнды баяндама жасағанын оң бағалады. Мемлекет басшысы БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру идеясын көтергенін жеткізіп, Алматыда ашылған Ұйымның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі орталығы өңірлік ықпалдастықты ілгерілетуде маңызды рөл атқаратынын мәлімдеді. Президент Қазақстан БҰҰ құрылымдарымен ынтымақтастықты одан әрі дамыта беретінін растады.

