Қазақстанның тұмса табиғатын тамашалаушы шетелдіктер қатары артып
келеді. Өткен жылы біздің елге миллионнан астам саяхатшы келсе, биыл олардың
саны бір миллион екі жүз мыңнан жоғары болады деп болжануда. «Kazakh Tourism»
ұлттық компаниясының мәліметінше, республикаға келген туристердің басым бөлігі Қытай,
Ресей, Үндістан және Түркия елінің азаматтары. Қазір олардың қатарын Оңтүстік-Шығыс
Азия жиһанкездері белсенді толықтыруда. Биылғы жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанда
35 мыңға жуық малайзиялық болды. Аталған елден келушілердің күрт өсуіне Куала-Лумпурдан
Алматыға тікелей рейстің іске қосылуы әсер етті, - дейді мамандар.
Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК басқарма төрағасының орынбасары:
- Малайзия елінен келушілер саны 6 есеге артқанын байқап отырмыз. Бұған бірнеше себептер бар. Алматыдан тікелей рейстің іске қосылуынан бастап, жалпы Қазақстанды ілгерілету бойынша іс-шаралар жүргіздік. Қазіргі уақытта бізде осы нарықта үлкен жарнамалық компания жүріп жатыр, Нәтижесі жоқ емес, серіктестеріміздің хабарлауынша, Алматыға саяхатқа сұраныс осы кезеңде 30% артады. Алдағы уақытта өзге бағыттарға рейстер ашу жоспарда бар. Біз Индонезия, Сингапур және басқа да елдердің нарықтарында белсенді жұмыс істейміз.
Әсел Күшенғалиева