Бұл туралы екі елдің іскер өкілдерімен өткен инвестициялық форумда белгілі болды. Қос тарап бірдей басымдық беріп отырған саланың бірі- мұнай мен газ өндірісі. Тараптар қара алтын экспортын көбейту қамында «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қолданыстағы құбырлардың (яғни, «Атырау-Кеңқияқ» және «Кеңқияқ-Құмкөл») мұнай тасымалдау мүмкіндігін арттыру да өзекті мәселе. Қазір мұнай өнімдерін тұтыну көлемі артып келеді. Сондықтан Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік әлеуетін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға жеткізу көзделген. Біз бұл салада көптен бері CNPC-мен бірге табысты жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстан үшін газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін кеңейту басым бағыттың бірі саналады. Осы ретте «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді мұнай құбырының екінші желісін салу өте маңызды. Сондай-ақ Қашаған кен орнында жылына 4 миллиард текшеметр газ өңдейтін зауыт салуға мүдделіміз
Президент еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанына назар аударып, бұл салаға инвестиция салушыларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ екі ел арасындағы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты жандандыру өзекті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Атап айтқанда, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданды. Отандық кәсіпорындар алюминий, мыс пен мырышты арзан бағамен сатып алады (Лондон металл биржасындағы бағалардан 5 пайызға арзан). Бұдан бөлек, ішкі нарықтың сұранысын толық өтеу үшін осы металдардың экспортын ретке келтіру жоспарда бар.
Аспан асты елімен алыс-берісті арттыруға екі елдің электронды сауда алаңына бірлесе шығуы тың серпін берері сөзсіз. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев тілге тиек етіп, онлайн сауданың әлеуетін бірлесе қолдау әлемдік нарықты бағындыруға жол ашу екеніне назар аударды. Бұл бағытта алғашқы қадам да жасалуда. Атап айтсақ, сапар аясында JD.COM коммерция алаңында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды.