Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы жойқын жер сілкінісіне байланысты көңіл айтты. Ведомство елеулі адам шығынына байланысты ауған халқының қайғысына ортақтасып, қалыпты тіршілікке тезірек оралуына тілектес екенін жеткізді. Айта кетейік, бүгінде Ауғанстанның шығысында болған қуатты жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 1 мыңнан асты, тағы 1,5 мыңдай тұрғын жарақат алды. Қазір аймақта құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар мен еріктілер қираған ғимараттардың астынан тірі қалғандарды іздестіруде. Биліктегі Талибан ұйымы халықаралық ұйымдардан көмек сұрауға мәжбүр. Сонымен қатар елдегі дәрі-дәрмек пен азық-түлік тапшылығы жағдайды ушықтырып барады.
Рамиз Алакбаров, БҰҰ-ның Ауғанстандағы гуманитарлық мәселелер жөніндегі үйлестірушісі:
– Біздің командада үйінділер астынан адамдарды шығаратын арнайы техника жоқ. Жергілікті биліктің күш-жігеріне сүйенуіміз керек. Сондай-ақ бізге көмектесетін бірден-бір ел – Түркия. Бұл туралы осы жердегі елшілікпен сөйлестік. Олар ресми сауалды күтуде. Біздің бастапқы бағалауымыз бойынша, көпсалалық қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін кемінде 15 миллион доллар қажет болуы мүмкін. Азық-түлік пен баспана мәселесі ғана емес, сонымен қатар су арқылы таралатын аурулардың алдын алу мәселесі де алаңдатып отыр.