Қазақстанда электрокөліктер кеңінен тарай бастады

Қазақстанға жыл басынан бері бажсыз 4 мыңнан астам электрокар әкелінді. Еліміздің қаржы министрлігі көрсеткіш былтырмен салыстырғанда бірден 10 есе өскенін мәлімдеді. Мемлекеттік кірістер комитеті келтірген деректерге сай, 2022 жылы Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімімен электр қуатымен жүретін көліктерді елге өткізу квотасы 10 мыңды құраған.  Биыл бұндай рұқсат 5 мыңға артты.  Яғни , Қазақстан азаматтары жыл соңына дейін ел аумағына тағы 11 мың экологиялық таза көлік  кіргізе алады деген сөз. Сатып алушы мұндай мүмкіндікті жылына бір рет пайдалана алады.  Яғни, тек біреуін ғана сатып алуға болады. Оның өзін тек жеке тізгіндеу мақсатында иемденуі керек.  

Мағжан Ысқақов, Қаржы министрлігі басқармасының  басшысы:

- Электромобильді төлемнен босату үшін не істеу керек? Ол үшін ең алдымен бұндай көлікті сатып алған адам  жолаушылардың кедендік декларациясын тапсыруы керек. Онда азаматтың өзі кедендік құжаттар, бастапқы құжаттар мен тауарлардың ілеспе құжаттарын ұсыну арқылы инспекторға жүгіне алады. Егерде ол үшін  азаматтарда уақыт болмаса, онда келісім-шарт жасасу арқылы брокерлік қызметтерге жүгіне алады. Тиісінше, ондай қызметтер ақылы түрде болады.

Сондай-ақ, электрокөлігі кәдеге жарату алымынан  босатылады. Темір тұлпар иесіне тек оны мемлекеттік тіркеуден өткізу үшін ғана төлем жасауға тура келеді. Оның мөлшері шыққан жылына байланысты болады.  Жылы неғұрлым ескірген сайын құны соғырлым жоғарылай түседі. ГРАФИКА Мәселен, екі жылдан аспаған электрокөлік үшін төлем бір айлық есептік көрсеткіштің 4 тен бір бөлігін құрайды. Ал, 2-ден үш жылға дейінгі электр қозғалтқышы бар көлікті мемлекеттік тіркеуден өткізу құны бірден он есе артады. Оның көлемі 86 мың теңге. Шыққанына үш жылдан асқан жасыл көлік үшін 862 мың теңге төлеу керек.

Мағжан Ысқақов, Қаржы министрлігі басқармасының  басшысы:

- Кедендік баждар мен салықтардан босату 2022 жылдан бастап қолданылады. Бұл тәртіп Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешімімен енгізілді. Көлік салығына келетін болсақ, бүгінгі күні салық кодексінде жеке тұлғаларға оны төлеуден босату қарастырылған.  яғни электр қуатымен жүретін көлік құралдарына салық есептелмейді.

Осындай қолайлы жағдайларға қарамастан, бұндай үлгідегі көліктер елімізде әлі де сирек кезігеді. Бұның бірден-бір себебі елде жасыл көліктерге арналған инфрақұрылымның жоқтығы. Оларды қуаттайтын арнайы бекеттердің өзі санаулы ғана.  Бұл мәселені шешу үшін елімізде 2029 жылға дейінгі жол картасы әзірленді.

Меруерт Ибраева, ҚР ИИДМ қоғамдық коммуникациялар департаментінің директоры:

- Жол картасында осыған қатысты нормативтік-техникалық талаптарды белгілеуді көздейтін 15 тармақ қамтылған.  Атап айтатын болсақ, электрокөліктерді қуаттау станцияларына қажетті жабдықтар шығаратын отандық өндіріс ошақтарын құру.  Сонымен қатар, арнайы бекеттерді  орнататын орындарды анықтау. Бұған қоса, құжатта экологиялық таза көліктерді және ондағы тиісті инфрақұрылымды тиімді пайдалануды дамыту үшін түрлі ынталандыру шаралары мен тетіктер енгізу көзделген. Яғни,  осы бағытта жоспарланған жұмыстың реті аталмыш жол картасы шеңберінде ұсынылып, жүзеге асырылатын болады.

Бүгінде қытайлық электромобильдердің жаңа өндірушісі отандық нарыққа еніп жатыр. Алғашқы көліктерді осы жылдың соңғы тоқсанында сатылымға шығару жоспарланып отыр. Тараптар келісім жасасты. Осының негізінде жақында еліміздің 8 қаласында дилерлік орталықтардың желісі пайда болады.