Құрбан айт пандемия жағдайында. Биыл мұсылмандардың қасиетті мерекесін бүкіл әлем санитарлық талаптарды ескере отырып атап өтуде. Вирус одан бетер ушығып кетпеу үшін Санкт-Петербургте мешіттер жабық. Ал Бангладеште коронавирустың өршуіне байланысты айдың басында қатаң карантин жарияланып, тіпті қоғамдық көліктің өзі қатынамайтын болған. Құрбан айтқа орай шектеу шаралары бір аптаға жеңілдетілген еді. Бірақ биліктің бұл шешімі қатаң сынға ұшырады. Өйткені кісі өлімі әлі көп.
Бе-Назир Ахмед, Қоғамдық денсаулық сақтау бойынша сарапшы:
- Қазір ауылдан адамдар көптеп келіп жатыр. Олардың барлығы вирустың әлеуетті тасымалдаушылары болып табылады. Бұл туралы ұмытпаған жөн.
Ал Пәкістанда тұрғындардың қауіпсіздігі мақсатында Құрбан айтқа шалынатын малды онлайн сатып алуға болады. Кәсіпкер Сания Мунифтің айтуынша, бұл вирус жұқтыру қаупін азайтып, сауданың артуына септігін тигізеді. Өйткені қазіргі жағдайда жұрт базарға келуден де қорқады.
Сания Муниф, кәсіпкер:
- Менің бизнеспен айналысып жүргеніме 4 жыл болып қалды. Алғашында жақындарыммен бірге жұмыс істейтінмін. Пандемия кезінде ғаламтордағы сауда жасауға үлкен қызығушылық артқанын байқадым. Сондықтан құрбандыққа шалынатын малды онлайн сату идеясы келді. Бұл мен секілді жас кәсіпкерлер үшін жақсы мүмкіндік.
Үндістанның көп штатында шектеу шаралары енгізілген. Сондықтан билік Құрбан айт кезінде мүмкіндігінше үйде болған дұрыс дейді. Ресейдегідей Үндістанда да мешіттердің көбі жабық.
Айта кетейік, бұл мемлекет коронавирустан көз жұмғандар саны бойынша әлемде үшінші орында тұр. Пандемия денсаулық сақтау саласымен қатар экономикаға да ауыр соққы болғаны сөзсіз. Бүгінде елдегі базарларда баға шарықтап тұр.
Мир Музамил, дүкен иесі:
- Сарапшылар елімізде коронавирустың үшінші толқыны басталғанын айтып отыр. Сондықтан жұрт сауда жасауға асығып жатқан жоқ. Ақшасы барлардың өздері де болашаққа алаңдап, үнемдеп жатыр.