Қазақстан Орталық Азия елдерімен сауда айналымын арттыруда. Оның үстіне, сөз тек экспорт пен импорт туралы ғана емес, сонымен қатар тауарларды бірлесіп өндіру туралы да болып отыр. Бұл туралы ОКҚ брифингінде еліміздің Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттері баяғыша еліміздің сауда қатынастарындағы негізгі серіктестері болып қала береді. Мысалы, өткен жылы ғана осы мемлекеттермен тауар айналымы 4,6 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстан өзінің басым бөлігін көрші Өзбекстанға экспорттайды. Сөз 2 млрд-тан астам АҚШ долларына тауарлар туралы болып отыр. Импортқа келер болсақ, көрші мемлекеттер бізге тоқыма, құрылыс материалдарын және маусымдық жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізеді.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Егер тауар айналым туралы айтатын болсақ, онда ара қатынасымыз жақсы. Негізгі өнімдер бұл - бидай, ұн, мұнай және мұнай өнімдері, металдар мен металл бұйымдары. Сондай-ақ сауда кооперациясы жөніндегі уағдаластықтың шеңберінде бізде машина жасау өнімдерінің де пайда болуы өте маңызды. Тәжікстанға біз шамамен 800 млн доллар жеткіземіз. Негізгі өнімдер сол баяғы бидай, мұнай өнімдері, табиғи газ, көмір. Қырғызстанға біз жоғарыда аталғандай 562 млн доллардың өнімдерін жеткіземіз.