Қазақстан экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12% асты. Бұл ретте сала еліміздің жалпы ішкі өніміндегі тау-кен металлургия кешенінің деңгейіне жетті. Сектордың қозғаушы күшіне айналған өндіріс ошақтарының қатарында заманауи жоғары технологиялық жабдықтар орнатылған Алматы желдеткіш және Кентау трансформатор зауыттары бар. Зауыт өнімдері әлемдік стандарттарға сәйкес келеді.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары экономиканы одан әрі әртараптандыру және өңдеуші секторда өсімді қамтамасыз етуге қатысты Үкімет жоспарын бөлісті.
Роман Скляр елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Президент тапсырмаларын орындау бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы сұхбаттар топтамасын бастады. Айтуынша елімізде қарқынды дамып келетін кәсіпорындар баршылық. Ол елдің экономикалық жағдайына өңдеу өнеркәсібін өркендетумен қатар, моноқалалардың да дамуы оң әсерін тигізетінін тілге тиек етті.
Ондай өндірістік қалалардың бірі – Екібастұз. Онда бүгінде теміржол машинасын жасау өнімдерінің 72% шығарылады. Маусым айында ең ірі ферроқорытпа зауыты іске қосылмақ. Ал Саран қаласында биыл 1 млн ең заманауи шина өндіріледі деп жоспарланған. Қостанай болса, шойын құятын әлемдегі ең заманауи зауыты бар шаһар. Онда көмірқышқыл газын шығаратын құбыр жоқ.
Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
– Өңдеу өнеркәсібіне негізгі басымдық берілетіні түсінікті. Үкімет бұл бағыттағы жұмысты жалғастыратын болады. Бұл жерде жергілікті қамту үлесін ұлғайту, инвестиция тарту туралы сөз болып отыр. Бұл біздің жастарымыз үшін мол өнім өндіретін әрі жақсы ақы төленетін жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Міне, басты міндет осы. Қалғаны орындала береді. Елдің экспорттық әлеуеті де, импортты алмастыру, кәсіпорындар есебінен бюджетке түсетін салықтар да, ілеспе жұмыс орындарын құру, яғни бұл бәрін өзімен ілестіріп тартатын тұтас бір локомотив.