Қазақстанның мұнай-газ секторында АІ-шешімдер енгізілуде

Қазақстанның мұнай-газ секторында АІ-шешімдер енгізілуде

Жасанды интеллект Қазақстан экономикасының нақты секторына белсенді еніп келеді. Астана-хабтағы ІТ-хакатонда мұнай-газ өндірісі тиімділігін арттыруға қабілетті стартаптар таныстырды. Қатысушылар операцияларды автоматтандыратын және бизнес шығындарын азайтатын шешімдер ұсынды. Мұндай жаңашылдықтың бірін Инженер Темірлан Жарылғамысов әзірлеген. Арнайы техниканы ақылды маршруттау жүйесі олардың орналасқан жерін, жүктемесін және жолдағы уақытын ескере отырып, автоматты түрде ұтымды басқарады.

Темірлан Жарылғамысов, Арнайы техниканы маршруттау жөніндегі жобаның әзірлеуші-инженері:

- Алдымен өтінім келіп түседі, мысалы, мына кен аумағына арнайы техниканың әлдебір түрі керек, немесе, бірдеңені тасымалдау қажет болады. Диспетчерлер алдымен қай техниканың бос екенін тексереді. Олар ойластырып, таңдап, жүргізушіге: «сіз сол жаққа бара аласыз ба?», - деп хабарласады. Мұның бәріне уақыт кетеді. Ал біз мұндай жұмысты автоматты түрде басқаратын жүйе жасағымыз келді, бұл техника қазір қайда екенін көреміз, ол бос па, оған келесі орынға жету үшін қанша уақыт керек, егер кешігіп қалса, оған айыппұл салынады ма? Яғни, мұның бәрі автоматты түрде басқарылып, адам еңбегі жеңілдейді және әрине бизнес иесінің табысын арттырады.

Стартаптар процестерді оңтайландыру үшін ғана қолданылмайды, сонымен қатар, ІТ-өнертапқыштар өндіріс үшін аса маңызды міндеттің бірі - еңбек қауіпсіздігін арттыруға да оң ықпал тигізбек. Мұхамед-Қанапия Жақсылық жасанды интеллект көмегімен өндірістік оқыс оқиғаларды талдай алатын және кәсіпорындардағы қауіп-қатерді алдын ала анықтайтын тұғырнаманы ұсынды.

Мұхамед-Қанапия Жақсылық, Еңбекті қорғау саласындағы AI-платформа әзірлеушісі:

- Жасанды интеллект жиі қайталанатын оқиғаларды саралап, болжам жасайды. Яғни, алдағы уақытта қауіпсіз жұмыс үрдісін құру үшін тиімді ұсыныстар бере алады. Осылайша, оқыс оқиғаларға дер кезінде әрекет ету жылдамдығы артады. Себебі қазір бұған орта есеппен 72 сағат кетеді. Біздің жасанды интеллект негізіндегі автоматтандырылған жүйе бұл жұмысты төрт сағаттың ішінде тындырады. Егер біз бұл озық шешімді сәтті сынап, оңтайлы үлгісін құратын болсақ, Қазақстанның өңірлерінде, ТМД елдерінің аумағында ендіруді жоспарлап отырмыз. Бұл ойымыз іске асса өнертабысты өзге де сырт нарықтарға шығаруға тырысамыз.

Әзірлеушілер өздері әзірлеген бұл шешімдердің тек мұнай-газ саласында ғана емес, сонымен қатар процестердің жылдамдығы, дәлдігі мен қауіпсіздігі маңызды басқа да өндіріс бағыттарында қолданыла алатынына сенімді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?