Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығын рәсімдеудің үш түрін енгізу көзделген. Заң жүзінде соттан тыс, сот және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібі бекітілмек. Құжатты әзірлеуде халықаралық озық тәжірибелер сараланып, негізге алынған. Мәжілісте тиісті заң жобасын еліміздің Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев таныстырды. Ондағы ұсыныстарды депутаттар бірінші оқылымында мақұлдады. Алғашқы рәсім банктер, микроқаржылық ұйымдар мен коллекторлар алдындағы қарыз 4,9 млн теңгеден аспаса және борышкердің ресми кірісі жоқ немесе табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз болған жағдайда қолданылады. Ал, бұл сомадан асатын берешегі бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Алайда, бұл жағдайда мүлкі тәркіленіп, қарызын жабу үшін саудаға шығарылатын болады. Ал, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі тұрақты табыс көзі болған жағдайда, қарызды өтеу үшін сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі
Банктер бірінші кезекте экономиканы несиелендіруге күш салулары керек. Ал микроқаржылық ұйымдар өз жұмысын атына сай шағын және микро бизнес өкілдеріне кредит беруге бағыттаулары тиіс. Олар болса халықты қарызға батырып, кейін мүлкін тәркілеумен әлек болып жүр. Заңда арнайы норма бар. Онда егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды делінген.