Қазақстанның экономикасы өткен 9 айда 4%-ға өсім көрсетті. Бұған негізінен мұнайдан тыс сектордың, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және сауда салаларын дамыту есебінен қол жеткізілді. Ел Премьер-Министрі мұның барлығы әртараптандырудың нәтижесі екенін тілге тиек етті. Үкіметте өткен отырыста соңғы үш тоқсанның қорытындысы бойынша республиканың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жарияланды. Барлық негізгі көрсеткіштер бойынша Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында сондай-ақ Астана және Шымкентте қарқын алған. Сыртқы сауда айналымы 91 млрд доллардан асты. Оның басым бөлігін отандық өнімдердің шетелдік нарықтарға экспорты құрады.
Инвестицияларға келер болсақ, олар шикізаттық емес салаларда өсті. Байланыс саласы шамамен 82%, білім беру – 80%, көлік 31% асып жығылды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
– Жылдың соңына дейін негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша нысаналы индикатордың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Бәріңізге осындай міндет қоямын. Өңдеу секторы, агроөнеркәсіп, көлік және логистика, сондай-ақ сумен және электрмен жабдықтау салаларын ерекше назарға алу керек. Негізгі қорларды жаңартуға, номенклатураны ұлғайтуға және өнімнің қосылған құнын арттыруға бағытталған кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шараларын күшейту қажет.